Қырғызстанда минералды тыңайтқыштарды экспорттауға уақытша шектеу енгізілді

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғыз Республикасында ЕАЭО кеден аумағынан тыс минералды тыңайтқыштарды шығару бойынша алты айлық уақытша тыйым енгізілді, деп хабарлайды Кабар Қырғыз Республикасы премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл шешімге Қырғыз Республикасының премьер-министрі Адылбек Касымалиев қол қойды.

— Тыйым бұрын үшінші елдерден әкелінген және сапасы талапқа сай еместігі анықталған минералды тыңайтқыштарға қолданылмайды, — делінген хабарламада.

Тиісті мемлекеттік органдарға белгілі бір түрдегі минералды тыңайтқыштардың заңсыз экспортын болдырмауға бағытталған қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Осыған дейін Қырғызстан санитариялық қорғау ережелері мен 2026–2030 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын жаңартып жатқанын жазған болатынбыз.