Қырғызстанда оқушылар мен студенттерді театр мен музейге баруға міндеттеу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда оқушылар мен студенттердің театр қойылымдары мен мәдени шараларға міндетті түрде баруын көздейтін абонемент жүйесін енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Қырғызстандағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: 24.KG

Тиісті президент жарлығының жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.

Жобаға сәйкес, әр оқушы мен студент бір жыл ішінде:

  • театр және ойын-сауық мекемелерінің іс-шараларына (спектакльдер, концерттік бағдарламалар) екі рет;

  • музейлерге екі рет баруға тиіс.

Осылайша, бір адам жылына жалпы саны төрт мәдени іс-шараға қатысады. 1 млн 821 мың 633 оқушы мен студентке қажетті шығын көлемі 1,4 млрд сомнан асады.

Бұл шығындарды қаржыландыру жыл сайын республикалық бюджетте қарастырылып, Қырғыз Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым, жоғары білім және инновациялар министрлігі арқылы жүзеге асырылады.

Министрліктер келушілердің тізімі негізінде есеп жүргізіп, тиісті қаражатты театр және ойын-сауық мекемелерінің шоттарына немесе цифрлық тетіктер арқылы оқушылар мен студенттердің өздеріне аударуды қамтамасыз етеді.

Бастама жастарды шынайы өнерге, оның ішінде музей, драма, қуыршақ театры, музыка, опера, балет және цирк өнеріне баулуды көздейді. Бұған жастардың интернет пен электронды ойындарға тәуелділігінің күшеюі себеп болып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстан астанасында бой көтерген «Бішкек-Арена» стадионының құрылысына 386 млн доллар жұмсалғанын жазғанбыз.