Қырғызстанда Орталық Азия мемлекеттерінің ІІІ Парламентаралық форумы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – 23 қыркүйекте Бішкекте Орталық Азия мемлекеттерінің ІІІ Парламентаралық форумы өтеді. Оның тақырыбы – «Орталық Азия елдерінің парламенттері: аймақты кешенді дамытудың тиімді шешімдері», - деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенеш баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Орталық Азия елдерінің парламент басшылары қатысады.
Форумның мақсаты – тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу, көші-қон процестерін реттеу және цифрлық ортаны дамыту үшін Орталық Азия елдері арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту.
Қатысушылар «Көші-қон және еңбек ағыны: азаматтардың құқықтарын және экономикалық тұрақтылықты заңнамалық қамтамасыз ету», «Орталық Азия елдеріндегі инвестициялық ахуалды жақсарту және экономикалық ашықтықты арттыру бойынша заңнамалық шаралар», «Парламент және цифрлық суверенитет: киберқауіпсіздік, цифрлық ортаны реттеу» сияқты тақырыптарды талқылайды.
Еске сала кетсек, Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы 2023 жылы Қазақстанда өтті. Онда Сенат спикері Орталық Азия елдерінің парламентаралық форумында Арал мәселесін көтерді.