Қырғызстанда өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ көкпары болмай ма

Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бірнеше күн бұрын Қырғызстанда өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындары тізімінен қазақ көкпары алынып тасталды деген ақпарат тарады. Осы орайда еліміздің Туризм және спорт министрлігіне сұрау салған едік.

— 2026 жылғы қыркүйек айында Қырғызстан Республикасында өтетін VI дүниежүзілік көшпенділер ойындары халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға және этникалық спорт түрлерін жаһандық деңгейде дамытуға жаңа серпін беруге бағытталған. Бүгінге дейін ұйымдастырушы тараптан VI дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми ережесі мен шақыру хаты келіп түскен жоқ, — деген жауап алдық ресми сауалға.

Осы орайда министрлік Қырғыз Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі мемлекеттік агенттігіне VI дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу ережесін жолдау жөнінде ресми хат жіберген.

— Түркия мен Қазақстанда өткен соңғы екі дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар ойыны көрермендер мен қатысушылардың зор қызығушылығына ие болғанын атап өткен жөн, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомствоның хабарлауынша, қазір елімізде Қырғызстанда өтетін VI дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын ұлттық спорт түрлері бойынша спортшыларды іріктеу жүріп жатыр.

— Ұлттық спорт түрлерінен құрама командаларды дайындау үшін республикалық деңгейде үйлестіру жұмыстарын «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жүзеге асырады, — дейді Туризм және спорт министрлігінен.

Еске сала кетсек, былтыр елордада V дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Еске қалған ерекше сәттермен сілтемеге өтіп танысуға болады.