Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100 күн қалды

АСТАНА.KAZINFORM - Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.

Фото: ҚР Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігі

Бішкекте дүниежүзілік көшпенділер ойындарына неше күн қалғанын көрсетіп тұратын электронды кері санақ тақтасы іске қосылды.

Қырғызстан Республикасы Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Ұлан Маматканов Ойындардың 31 тамызда – Қырғызстан Республикасының Тәуелсіздік күнінде ашылатынын хабарлады.

-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын бастау арқылы Қырғызстан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ежелгі ата-бабаларымыздың спорттық жарыстарын қайта жандандырып қана қоймай, бүкіл әлемдегі көшпенді мәдениетті біріктірді. Қалған 100 күн Ойындарды ең жоғары халықаралық деңгейде өткізудің ортақ мақсатын бөлісетін барлық ұйымдастырушылар үшін үлкен жауапкершілік пен патриотизм кезеңі болады, - деп атап өтті ол.

Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және жастар саясаты министрлігі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенді халықтардың мәдениетін, дәстүрлі спорт түрлерін және рухани мұрасын жаһандық деңгейде насихаттауға бағытталған бірегей халықаралық жоба екенін атап өтті.

«100 күн қалды» тақтасын орнату - дайындықтың соңғы кезеңінің символикалық бастамасы.

Бұған дейін 60-тан астам ел VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатынын растағаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ, біз 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының талисманы ретінде қар барысы таңдалғанын хабарладық.