Қырғызстанда парламентті тарату мәселесі неге көтеріліп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйек айының басында Қырғызстанда Жогорку Кенеш депутаттарының бастамашыл тобы Парламентті тарату үшін қол жинау процедурасын бастады. Оған не себеп болды, салдары қандай болады және елге пайда әкелуі мүмкін бе - Kazinform меншікті тілшісінің материалынан оқыңыз.
Заңнамаға сәйкес, Жогорку Кенешті өзін-өзі тарату туралы бастама көтеру үшін депутаттардың жалпы санының үштен бірі, яғни 30 парламентарий қол қоюы керек. Ал шешім қабылдануы үшін дауыстардың үштен екісі, яғни кемінде 60 халық қалаулысы қолдауы қажет. Парламент бұл шешімді жақын арада қабылдаған жағдайда - мерзімінен бұрын сайлау 2025 жылдың қараша айының соңына белгіленуі мүмкін.
Қырғызстандағы парламентаризм эволюциясы
Қырғыз парламентаризмінің тарихы 1990 жылы сәуірде он екінші шақырылымдағы Қырғыз КСР Жоғарғы Кеңесінен бастау алады. Тарихқа "аңыз парламент" деген атпен енген бұл құрам саяси пікірталастар мен реформалар алаңына айналды, осы парламент кезінде елдің тәуелсіздігі жарияланды. Алайда, 1994 жылы парламент саяси келіспеушіліктер мен кворумның болмауына байланысты дағдарысқа ұшырап, таратылды.
1995 жылы елдің саяси өміріндегі жаңа парақ басталды – Қырғызстанда екі палаталы парламент құрылды: Заң шығарушы жиналыс және Халық өкілдері жиналысы. Посткеңестік кеңістік үшін бірегей шешім екі палатаның бірдей жағдайда сайланған депутаттарының тең құқығын қамтамасыз етті. Алайда парламенттің ішкі құрылымы көп жағдайда белгілі бір партияның құрамында болуына емес, жерлестік, кландық және жеке байланыстарға тәуелді болды. Осы парламенттің қызметі өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылды.
2005 жылдан бастап Қырғызстан бір палаталы Жогорку Кенешке көшті. Мұндай форматтағы алғашқы сайлау мажоритарлық жүйе бойынша өтті. Парламентке негізінен президентті жақтайтын партиялардың, бизнес-элитаның және шенеуніктердің өкілдері келді. Парламент дербестігін жоғалтып, атқарушы билікке тәуелді бола бастады. 2007 жылы президент жарлығымен бұл парламент мерзімінен бұрын таратылды.
Келесі, төртінші шақырылым (2007-2010 жылдар) депутаттары пропорционалды жүйе бойынша сайланып, партиялық негізде қалыптаса бастады. Осыған қарамастан, аймақтық және рулық белгілер бойынша күшті ішкі сегментация сақталды.
2010 жылғы 7 сәуірдегі оқиғалардан кейін елде жаңа Конституция қабылданып, Қырғызстан парламенттік-президенттік республикаға айналды. Бесінші шақырылымдағы Парламент (2010-2015) кеңейтілген өкілеттіктерге ие болды және квота бөлу жүйесінің арқасында құрамы бойынша неғұрлым тұрақты және әралуан еді.
Бесінші шақырылымдағы Жогорку Кенеш 2005 жылдан бері мерзімінен бұрын таратылмай, бүкіл өкілеттік мерзімін толық атқарып шыққан алғашқы парламент болды.
2015 жылғы 4 қазандағы парламенттік сайлаудан кейін алтыншы шақырылымдағы Жогорку Кенеш (2015-2021) өз өкілеттігіне кірісті. Онда 6 саяси партияның өкілдері болды. 2020 жылдың 4 қазанында өткен кезекті парламенттік сайлау елде жаппай наразылық акцияларына ұласты. Ақыр аяғы президент отставкаға кетіп, дауыс беру қорытындылары жойылды. Республикада тағы билік ауысып, жаңа Конституция қабылданды, онда президенттік басқару формасы белгіленді.
Қазіргі жетінші шақырылымдағы Жогорку Кенеш сайлауы 2021 жылдың 28 қарашасында өтті, Парламентке 6 партия өтті.
Қырғызстанда парламентті тарату не үшін керек?
Жогорку Кенеш спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы түсіндіргендей, заңнамаға сәйкес келесі кезекті парламент және президент сайлауын өткізу мерзімдері сәйкес келейін деп тұр, яғни 2026 жылдың қарашасы мен 2027 жылдың қаңтарына жоспарланған. 32 депутаттан тұратын бастамашыл топтың пайымынша, бұл саяси және экономикалық тұрғыда көптеген қиындықтар туғызуы ықтимал.
Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясына парламенттік және президенттік сайлауды бір мезгілде ұйымдастыру техникалық жағынан қиынға соғатынын атап өтті. Сол себепті парламентарийлер Жогорку Кенештің өзін-өзі таратуын және мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдайды.
Президент сайлауын жариялайтын ешкім болмайды
Өзін-өзі таратуды қолдайтын топтың мүшесі, депутат Ұлан Примов «Кабар» ақпарат агенттігіне берген түсініктемесінде, ең алдымен, депутаттардың бастамасы Қырғызстанда саяси тұрақтылыққа кепілдік беруге бағытталғанын айтты.
- Негізгі екі фактор бар. Жогорку Кенеш пен президентті сайлау туралы заң қабылданды. Онда жаңа жүйе мен тәртіп нақты айқындалған. Мемлекет басшысының сайлауын біз 2027 жылдың қаңтар айының басына, ал парламент сайлауын 2026 жылдың қараша айына белгіледік. Мұндай маңызды оқиғалар арасындағы екі айдан аз уақыт белгілі бір қиындықтар тудыруы мүмкін. Депутаттыққа үміткерлер арасындағы талас-тартыс салдарынан парламентті құру созылып кетсе, президент сайлауын жариялайтын ешкім болмай қалады, - деді ол.
Бюджетке түсетін салмақты азайту
Жогорку Кенеш вице-спикері Нұрбек Сыдығалиевтің айтуынша, бір топ депутаттың бір жыл бұрын парламентті тарату туралы бастама көтеруіне заңнама талаптарынан басқа да себептер бар. Екі сайлау науқаны елеулі шығындарды талап етеді, сондықтан бюджетке қаржылық жүктемені бөлудің теңгерімді тәсілі туралы да ойлану керек.
- Ең дұрысы, осы екі сайлау науқанының арасында кем дегенде жарты жыл немесе бір жыл үзіліс болуы керек. Қазір олар бір-біріне өте жақындаталарда өтейін деп тұр. Егер қандай да бір округ бойынша депутаттар сайлауы жарамсыз деп танылса, қайта дауыс беру қажет болады. Ал бұл парламентті қалыптастыру мерзімі кейінге шегеріледі деген сөз. Сондықтан алдымен мерзімінен бұрын парламент сайлауы, содан кейін ғана президент сайлауы өтуі керек. Яғни біз оларды уақыт бойынша ажыратамыз. Екінші мақсат - бюджетке түсетін жүктемені азайту, егер осы оқиғалардың арасында бір жыл өтсе, бәрі қаржы тұрғысынан да ұтымды болады, - деп түйіндеді Нұрбек Сыдығалиев.
Қоғам жаңа тұлғалар мен жаңа жүйені күтіп отыр
Саясаттанушы, Еуразия стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Бақытбек Жұмағұловтың пікірінше, Қырғызстан қоғамы парламенттің ескі форматынан шаршаған және өзгерістерге дайын.
- Біздің қоғам жаңа депутаттарды қалайды. Кезектен тыс парламенттік сайлау жаңа жүйе бойынша өтеді, сондықтан саяси партиялардың рөлі төмендейтін болады. 30 көпмандатты аумақтық сайлау округіне баса назар аударылады, олардың әрқайсысында үш депутаттан сайланады. Оның кем дегенде біреуі әйел болуы тиіс. Үміткерлердің басым бөлігіөзін-өзі ұсынғандар болады, - деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар, Б. Жұмағұлов елде орталық биліктің облыстық өкілдері институтын жоюды және өңірлерде әкімдердің рөлін күшейтуді көздейтін әкімшілік реформалар талқыланып жатқанын баса айтты. Бұл парламент пен жергілікті атқарушы билік арасындағы өзара іс-қимыл моделін өзгертуі мүмкін.
Айта кетейік, 23 қыркүйекте профильді комитет Қырғызстан парламентін тарату туралы ұсынысты мақұлдады.