Қырғызстанда рақымшылық қолданылмайтын қылмыстар тізімі кеңейтілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «ҚР «Рақымшылық негіздері және оны қолдану тәртібі туралы» заңына өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойды.
KABAR мәлім еткендей, Жогорку Кенеш аталған заңды 2025 жылдың 13 наурызында қабылдады.
Осы заң Қырғыз Республикасының «Рақымшылық негіздері және оны қолдану тәртібі туралы» заңын Қырғыз Республикасының қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкестендіру мақсатында әзірленіп, қабылданды.
Осылайша «Рақымшылық негіздері және оны қолдану тәртібі туралы» заңның 7-бабының 1-бөлігі келесі тармақтармен толықтырылды:
– террористік қызметті қаржыландыру;
– террористік қызметті жүзеге асыруға жария түрде шақыру;
– ұйымдасқан топтар мен қылмыстық қоғамдастықтарды қаржыландыру;
– қару мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымы;
– диверсия.
Агенттік хабарлауынша, қабылданған заң рақымшылық қолданылмайтын жаңа қылмыс түрлерімен толықты, яғни террористік қызметті қаржыландырғандар, террористік қызметті жүзеге асыруға жария түрде шақырғандар, ұйымдасқан топтар мен қылмыстық қоғамдастықтарды қаржыландырғандар, қару мен оқ-дәрілердің заңсыз айналымын ұйымдастырғандар және диверсияға жол бергендер бұдан былай рақымшылыққа ілінбейді.
Айта кетейік, бұл қылмыстар Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 253, 255, 263, 267 және 325-баптарында қарастырылған.
Бұдан бұрын Қырғызстан президенті никаб пен паранжа киюге қатысты пікір білдірді.