Қырғызстанда шегірткемен күресте жаңа препарат қолданыла бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда шегірткемен күресу үшін жаңа «Новакрид» биопрепараты қолданылып жатыр, деп хабарлайды Кабар.
Қырғызстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылғы 11–13 маусым аралығында БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) бағдарламасы аясында және Қырғыз Республикасының Өсімдіктерді химияландыру, қорғау және карантин департаментінің қолдауымен шегіртке зиянкестерімен күреске арналған жаңа биопестицид — Новакрид препараты алғаш рет сынақтан өткізілді.
Іс-шараның практикалық бөлімі Чүй облысы Жайыл ауданы Суусамыр айылы әкімшілігінде өтті. Мұнда Новакрид биопестициді итальян шегірткесіне қарсы қолданылды. Шараға ФАО өкілдері, Өзбекстаннан келген халықаралық сарапшы және Өсімдіктерді қорғау және химияландыру департаментінің мамандары қатысты.
Министрлік 2025 жылғы 24–25 маусым күндері аралығында жүргізілген аралық тексерулер Новакрид биопрепаратының жоғары тиімділігін растағанын атап өтті.
Ведомство мәліметінше, Қырғызстанда шегірткелер жайылымдарға және ауыл шаруашылығы дақылдарына елеулі зиян келтіреді. Ел аумағында ең қауіпті екі үйірлі түр кең таралған: итальян шегірткесі (Calliptamus italicus italicus L.) және марокко шегірткесі (Dociostaurus maroccanus Thunb.). Шегіртке көп таралған жылдары зиянкестерге қарсы ауқымды химиялық өңдеулер жүргізіледі.
— Химиялық препараттарға экологиялық жағынан қауіпсіз балама ретінде энтомопатогенді саңырауқұлақ Metarhizium acridum негізінде жасалған Новакрид биоинсектициді сыналды. Препарат шегірткенің даму кезеңдерінің бәрінде — имаго, дернәсіл және жұмыртқа кезінде де тиімді. Ол 6 аптаға дейін белсенділігін сақтайды және қоршаған ортаға, адамдарға, үй жануарларына және мақсатты емес жәндіктерге қауіпсіз саналады, — делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан бұрын Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында шегірткеге қарсы бірлескен тексеру басталғанын жаздық.