Қырғызстанда Шыңғыс Айтматов туралы көркем фильмнің түсірілімі басталды

Фото: Кабар

АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі жазушы Шыңғыс Айтматов туралы көркем фильмнің алғашқы түсірілім жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы «Кабар» агенттігіне фильмнің режиссері әрі бас операторы Каныбек Калматов мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдымен жұртшылыққа фильмнің тизері ұсынылады.

Онда қандай оқиғалар мен тақырыптарға баса назар аударылатыны көрсетіледі.

— Қазіргі уақытта біз тизер түсіріп жатырмыз. Сонымен қатар негізгі түсірілімдерге дайындық басталды. Фильм негізінен жыл мезгілдеріне сәйкес блок-блок болып түсіріледі, — деді ол.

Бұдан бұрын Алматыдағы Достық үйінде Мәдениет қайраткерлеріне Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлық табысталғанын жазған едік. Олардың қатарында театр мен киноның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстанның халық әртістері Досқан Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов және Нұржұман Ықтымбаев бар.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапары барысында қырғыз халқының кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бейітіне зиярат етіп, қаламгердің рухына Құран бағыштағаны хабарланды.