Қырғызстанда сөгіс алған шенеуніктерге шетелге іссапарларға шығуға тыйым салынды

Фото: Canva

АСТАНА. KAZINFORM –  Қырғызстанда саяси қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі күшейтілді. Бұл туралы Президент әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің жетекшісі Дайырбек Орунбеков өзінің Facebook парақшасында хабарлады, деп жазады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Президент жарлығына енгізілген өзгерістерге сәйкес, тәртіптік жаза алған (ескерту немесе қатаң ескерту) мемлекеттік қызметкер шетелдік іссапарларға шығу құқығынан айырылады. Сонымен қатар сыйақылар мен көтермелеу төлемдері уақытша тоқтатылады.

— Бұл шара саяси қызметкерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Енді әрбір басшы немесе жоғары лауазымды шенеунік өз міндетін нақты орындауға, ұқыпты болуға, заң мен тәртіпті сақтауға міндетті, — деп мәлімдеді Дайырбек Орунбеков.

Бұған дейін Қырғызстанда мемлекеттік қызметкерлердің іссапар санын қысқарту жоспарланып жатқаны хабарланған еді. 

Айта кетелік Қырғызстанда асыл тұқымды мал шаруашылығы цифрлық жүйеге көшірілді.