Қырғызстанда табиғи сусындарға салынатын акциздік салық төмендетілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Министрлер кабинеті отандық табиғи сусын өндірушілерін қолдауға бағытталған қаулы қабылдады, деп хабарлайды Кабар.
Құжатқа сәйкес, 2025 жылдың 15 мамырынан бастап акциздік салық мөлшерлемесі 1 сомға дейін төмендетілді. Бұл шешім қырғызстандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінен сатып алынған жеміс-жидектер мен кептірілген жемістер қосылған табиғи сусындарға қатысты. Атап айтқанда, компот, шербет, нектар және морс сияқты өнімдерге.
Қаулыға сәйкес, 2025 жылдың 15 мамырынан бастап акциздік салықтың жеңілдетілген мөлшерлемесі – 1 литр 1сом көлемінде белгіленді. Бұл шара өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен экспорттау көлемін арттыруға бағытталған. Бұл мақсаттар 2024 жылғы 22 шілдеде қабылданған Қырғыз Республикасы Президентінің № 202 Жарлығында көрсетілген.
Құжат Мемлекеттік салық қызметі және Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрлігімен бірлесе отырып әзірленген. Қоғамдық талқылау барысында бұл қаулы Жогорку Кенеш депутаттарының және агробизнес өкілдерінің пікірлері ескеріле отырып жетілдірілді.
Акциздік салықтың төмендетілуі – табиғи сусындарды өндіруді тұрақты дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл шешім арқылы табиғи компоттар, нектарлар мен морстар халық үшін қолжетімді бола түседі, ал қырғыз фермерлерінің өніміне сұраныс артады.
Осыған дейін Қырғызстанда барлық есеп айырысу соммен жүргізілетіні айтылды.