Қырғызстанда таудағы көл тасып, 180 адам эвакуацияланды

Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанның Чүй облысы Ысык-Ата ауданында Такыр-Тор тау көлінің бөгеті жарылып, 180 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғыз Республикасының ТЖМ мәліметінше, құтқарушылар қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің тұрғындарын қоса алғанда, 180 адамды қауіпсіз жерге көшірді.

ҚР ТЖМ министрі, генерал-майор Бообек Ажикеевтің тапсырмасы және жеке бақылауымен Алмалуу, Горная Серафимовка және Нижняя Серафимовка ауылдарында эвакуациялық шаралар жүргізілуде.

Оқиға орнында ТЖМ қарасты мониторинг және болжамдау департаментінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Такыр-Тор көлінің жағдайы дронның көмегімен нақтылауда, сондай-ақ көлден су ағымына мониторинг жүргізілуде. Арнайы техника тартылып, тиісті шараларға дайындық қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, биылғы наурыз айында Қырғызстанның бірнеше өңірінде ауа райының жылынуы мен жауын-шашынның көп түсуіне байланысты қардың күрт еруінен лай көшкіні жүргені хабарланған болатын.

Айта кетейік, Қырғызстанда шегірткемен күресте жаңа препарат қолданыла бастады.