Қырғызстанда цифрлық сом қабылдаудан бас тартқандарға айыппұл салынады

Фото: Фото: Қырғызстанның ұлттық банкі

АСТАНА.KAZINFORM — Елде цифрлық сом қабылдаудан бас тартқандарға айыппұл салуды қарастыратын заңнамалық түзетулер қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігінің меншікті тілшісі.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кейбір заңнамалық актілерге Қырғыз Республикасындағы ұлттық цифрлық валюта — цифрлық сомның құқықтық мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Қырғыз Республикасының цифрлық сомын төлемге қабылдаудан бас тарту жеке тұлғаларға 30 есептік көрсеткіш (3 мың сом), заңды тұлғаларға 130 есептік көрсеткіш (13 мың сом) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ, заң заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің фирмалық атауларында «цифрлық сом» және «цифрлық сом платформасы» сөздерін қолдануға тыйым салады.

Айта кетейік, цифрлық сом — Қырғыз Республикасының аумағындағы заңды төлем құралы саналатын цифрлық нысандағы Қырғыз Республикасының ұлттық валютасы.

Сондай-ақ «Қырғыз Республикасының Ұлттық банкі туралы» конституциялық заңға түзетулер қабылданып, ұлттық цифрлық валюта «цифрлық сомның» тәжірибелік үлгісінің пилоттық жобасы іске қосылды.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда «ҚазАвтоЖол» жол саласындағы жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық теңгені енгізілген болатын.