Қырғызстанда тұрмыстық зорлық жасағандар 14 күнге қамалады
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату ұсынылып жатыр. Енді отбасылық тирандарды 14 тәулікке дейін қамауға алу көзделген, деп жазады Кабар.
Бүгін Жогорку Кенештің Құқықтық тәртіп, қылмысқа қарсы күрес және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитеті Қырғыз Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне (ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне, «Отбасылық зорлық-зомбылықтан қорғау және алдын алу туралы» заңына) өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарап, мақұлдады.
Аталған заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік қамау мерзімін 14 тәулікке дейін ұзарту арқылы жауапкершілікті күшейту ұсынылған.
Жазаны қатайту мынадай мақсаттарды көздейді:
құқықбұзушыны ұзақ уақытша оқшаулау арқылы қайталама құқықбұзушылықтарды азайту;
жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уақыт беру арқылы шынайы қорғау механизмін қалыптастыру;
халық арасында құқықтық сана деңгейін көтеру және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзімсіз көзқарас қалыптастыру.
Бұған дейін Қырғызстанда зорлық көрсеткен адам енді екі аптаға қамалуы мүмкін екені айтылған еді.