Қырғызстанда визасыз жүруге қатысты жаңа ережелер күшіне енді

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың ел аумағында болу тәртібі өзгерді. Бұл туралы Қырғызстандағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Canva

Тиісті қаулыға Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы 2026 жылғы 7 қыркүйекте қол қойған.

Көші-қон заңнамасындағы негізгі өзгерістер:

  • Қырғызстан аумағында белгіленген болу мерзімінен асып кеткен шетел азаматтарына елге қайта кіруге тыйым салынады. Тыйым мерзімі олардың визасыз болу мерзіміне тең болады;

  • Шетел азаматтарының елде болған мерзімі TMEBT автоматтандырылған жүйесі арқылы есептеледі. Бұл ретте азаматтың Қырғызстаннан кейінгі рет шыққан күні оның елде болған алдыңғы мерзімі аяқталған күн ретінде есепке алынады;

  • Қырғызстан азаматтарының шетелдік жұбайлары мен кәмелетке толмаған балалары елде қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдемей, белгіленген мерзімнен асып кеткен жағдайда, мәртебесін заңдастыру үшін елге бір рет кіріп, келген күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде қажетті рәсімдерді жүргізуге мүмкіндік алады. Туыстық байланыс құжат жүзінде расталуға тиіс;

  • Қырғызстан аумағында белгіленген мерзімнен көбірек болған шетел азаматы заңнамада белгіленген тәртіппен тұруға ықтиярхат алу туралы өтініш бере алады.

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанның Сыртқы көші-қон туралы заңына бюрократиялық кедергілерді жоюға және шетелдіктердің тұруға рұқсат алу мерзімін қысқартуға бағытталған түзетулер ұсынылған еді.

Сондай-ақ Қырғызстанда жолдар мен қоғамдық орындардағы қайыр сұраушылықпен күресуге, сондай-ақ осал топтарды осындай әрекеттерге тартудан қорғауға бағытталған заңға қол қойылды.

Құқықбұзушылықтар туралы кодекс пен сыртқы көші-қон туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, шетел азаматтарына қайыр сұрағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Қайталанған құқықбұзушылық немесе бір ай ішінде осындай әрекетке тарту дерегі анықталған жағдайда, олар Қырғызстан аумағынан шығарылады.