Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.
Ұсынылып отырған өзгерістер қоқыспен жұмыс істеу саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға, заңсыз қоқыс орындарының санын азайтуға, автомобиль жолдары мен табиғи туристік нысандардың санитарлық және экологиялық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ қоқысты басқару талаптарын сақтауға жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.
Құжатқа сәйкес, мынадай шаралар қарастырылған:
Заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырғаны үшін 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе жеке тұлғаларға 10 мың сом (50,5 мың теңге), заңды тұлғаларға 23 мың сом (116 мың теңгеден астам) айыппұл салу ұсынылады;
Осы құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 20-дан 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе жеке тұлғаларға 20 мың сом (101 мың теңге), заңды тұлғаларға 65 мың сом (328 мың теңгеден астам) айыппұл салу көзделген;
Автомобиль жолдарына қоқыс тастағаны, соның ішінде көлік қозғалысы кезінде, қоқыс пен өзге де заттарды үйгені немесе өртегені үшін жеке тұлғаларға 5,5 мың сомнан (27 мың теңгеден астам) айыппұл салу ұсынылады;
Туристік ресурс саналатын табиғи нысандарда белгіленбеген жерлерге қоқыс тастағаны, үйгені немесе өртегені үшін 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе жеке тұлғаларға 5,5 мың сом (27 мың теңгеден астам), заңды тұлғаларға 17 мың сом (86 мың теңгеге жуық) айыппұл салу қарастырылған;
Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, 20-дан 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе жеке тұлғаларға 10 мың сом (50,5 мың теңге), заңды тұлғаларға 23 мың сом (116 мың теңгеден астам) айыппұл салу ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін Қырғызстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағынан тауарлар мен көлік құралдарын қажетті құжаттарсыз шекара арқылы өткізгені үшін айыппұлдарды көбейткенін хабарлаған едік.