Қырғызстанда және парламент сайлауын өткізу ережелері өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров президент пен Жогорку Кеңеш депутаттарын сайлау туралы заңнамаға өзгерістер енгізетін конституциялық заңға қол қойды, деп хабарлайды Кабар .

Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Құжатта сайлау өткізудің жаңа мерзімдері белгіленіп, сайлау процесін ұйымдастыру тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді.

Конституциялық заңды Жогорку Кеңеш 2026 жылғы 24 маусымда қабылдаған. Құжаттың мақсаты — Қырғыз Республикасының сайлау заңнамасын жетілдіру.

Заңға сәйкес, Қырғызстандағы кезекті президент сайлауы енді президенттің өкілеттік мерзімі аяқталатын жылдың қаңтар айының төртінші сәрсенбісінде өтеді. Осылайша, кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда өтпек.

Ал Жогорку Кеңеш депутаттарының кезекті сайлауы қазіргі шақырылымның конституциялық өкілеттік мерзімі аяқталатын айдың сәрсенбі күні ұйымдастырылады.

Сондай-ақ президент және парламент сайлауы өтетін күндер демалыс күні болып есептеледі.

Бұл күні жұмыс істейтін азаматтардың жалақысы жұмыс күні ретінде толық сақталады.

Бұдан бөлек, заңмен бірқатар жаңа талап енгізілді. Атап айтқанда, «сайлау мекенжайы» институты алынып тасталады, бір сайлау учаскесіндегі сайлаушылар саны, әдетте, 4 мың адамнан аспауға тиіс.
Президенттікке үміткерлер мен кандидат ұсынатын саяси партиялар құжаттарын тапсырмас бұрын өздерінің сайлау қорын құруға міндетті. Сайлау жарнасы тек осы қордың қаражаты есебінен төленеді.

Сонымен қатар кандидаттар мен партияларға әрбір сайлау учаскесінде үш адамнан аспайтын үгітшіні жалдауға рұқсат беріледі.

Тағы бір жаңалық — кандидаттарды қолдау үшін қол жинау бұлтты цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы электронды форматта немесе қағаз қол қою парақтары арқылы жүргізілуі мүмкін.

Конституциялық заң ресми жарияланған күннен бастап күшіне енді.

Айта кетелік Қырғызстан әуе компанияларына хабарландыруды қырғыз тілінде жариялауды бұйырды