Қырғызстанда жазда және күзде шекара қызметкерлерінің жалақысы өседі
АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда Шекара қызметі әскери қызметкерлерінің жалақысы көбейтіледі, деп хабарлайды Кабар.
Бұл туралы бүгін Ыстықкөл облысындағы Тамчыда шекара қызметкерлеріне қызметтік пәтерлердің кілттерін табыстау салтанатында белгілі болды.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев шарада биыл мемлекеттік қолдаудың айғағы ретінде 1 шілдеден бастап офицерлердің жалақысын 20 000 сомға арттыру туралы шешім қабылданғанын алға тартты. Сонымен қатар ол қазан айында әскери қызметтің басқа категорияларының да жалақысы өсетінін атап өтті.
Ол мемлекет шекарасын күзеткен қызметкерлердің лайықты тұрмыс жағдайын жасау қызмет пен мемлекетке сенімді нығайтудағы маңызды қадам екенін айтты.
— Біз шекарада қызмет ету тек мәртебелі ғана емес, сенімді қамтамасыз етілген болуын қалаймыз, — деп баса айтты Қырғызстанның Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қырғызстанда денсаулық сақтау ұйымдарындағы техникалық және кіші қызметкерлердің жалақысы 20%-ға артты.