Қырғызстанда жерді заңсыз берген экс-шенеуніктер ұсталды

Бішкекте 19 қазанда «Кадастр» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшылығы жер телімдерін заңсыз бергені үшін ұсталып, Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Фото: Kazinform

Kazinform агенттігінің тілшісі бұл туралы Қырғыз Республикасы ҰҚМК-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, Қырғыз Республикасы ҰҒА Э.Гареев атындағы Ботаникалық саябақ аумағындағы жер учаскелерін жеке меншікке заңсыз бергені үшін «Кадастр» мемлекеттік мекемесі астаналық филиалының бұрынғы директоры «Б.Б.Ж.» және оның орынбасары «Қ.М.Ж.» ұсталды.

Қылмыстық істі тергеу аясында «Кадастр» ММ мен басқа өкілетті мемлекеттік органдардың басшылығы материалдық пайда табу мақсатымен Бішкек қаласы мэриясының жалған қаулысын шығару арқылы Қырғыз Республикасы Ғылым академиясының «Көк-Жар» тәжірибелік базасы балансындағы жалпы ауданы 0,244 га жер телімдерін жеке меншікке беру бойынша жемқорлық схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

Келтірілген шығын көлемі 31 млн сомнан асты.

Хабарланғандай, аталған қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау, сондай-ақ заңсыз алынған жер телімдерін мемлекетке қайтару бойынша қажетті жедел-іздестіру шаралары жалғасуда.