Қырғызстанда ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі өсіп келеді

Фото: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстанда эпидемиологиялық маусымның басталуымен бірге жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралуы артып келеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты аурулардың алдын алу және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің деректері бойынша, 20-26 қазан аралығында ел бойынша 6 699 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен аптамен салыстырғанда 13,9%-ға жоғары.

Ауру жұқтырғандардың 64,6%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды (4 329 жағдай). Олардың 6,7%-ы немесе 452 адам ауруханаға жатқызылған.

ЖРВИ-мен сырқаттанудың жоғары деңгейі Бішкек пен Ош қалаларында, сондай-ақ Нарын және Шу облыстарында байқалып отыр.

Елдегі вирустардың құрылымына келсек, аденовирус – 34,8%, риновирус – 30,4%, парагрипп вирустары (I–IV типтері) – 17,4%, басқа вирустар 17,4%-ды құрайды. Тұмау вирусы анықталған жоқ.

Бұған дейін Алматыда ЖРВИ жұқтырғандардың саны 20 мыңға жақындағаны хабарланған болатын.