Қырғызстанда ойынға тәуелді балалар қаншалықты жиі кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемде квадроберлер сияқты әртүрлі ағымдар мен қауіпті ойындар танымал болып келеді. Педагог-психолог, гештальт-терапевт Полина Фурсова Қырғызстанда балалардағы тәуелділікті қалай анықтауға болатынын айтып берді, деп хабарлайды КАВАR.
Оның айтуынша, Қырғызстандағы балалар арасында квадроберлердің белсенділігі немесе «көк кит» сияқты қауіпті ойындарға деген қызығушылық байқалмайды.
— Өткен жылы бұл тақырып шынымен де талқыға түсті, бірақ балалар оны қысқа мерзімді тренд ретінде қабылдап, ол тез өзектілігін жоғалтты, — деп түсіндіреді ол.
Психолог жалпы елдегі балалар арасында ойынға тәуелділік жиі кездесетінін айтты. Алайда, оның және оның әріптестерінің тәжірибесінде ата-аналар көбінесе тәуелділіктің салдарымен жүгінеді. Атап айтқанда бала тұйықталып, оқуға құлықсыз болып, құрдастарына агрессия таныта бастайды.
— Жұмыс барысында баланың гаджеттерде көп уақыт өткізетіні, қатыгез және агрессивті контент жиі көретіні анықталады, — дейді Полина Фурсова.
Сонымен қатар, Фурсова жасөспірімдер арасында спортқа бәс тігуге қызығушылық бар екенін атап өтті.
— Кәмелетке толмағандардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салынғанына қарамастан, онлайн-букмекерлерге қолжетімділік ашық күйінде қалып отыр, ал жасөспірімдер жас шектеулерін оңай айналып өтеді. Бұл үлкен мәселе, өйткені мұндай тәуелділіктің зардабы өте ауыр болуы мүмкін, — деп ескертеді психолог.
Маман ойынға тәуелді жасөспірімдерді қалай анықтауға болатынын айтты.
— Егер баланың көңіл-күйі күрт өзгерсе, ол тұйықталып, қарым-қатынастан бас тартып, әдеттегі істерден бас тартса, мектептегі үлгерімі төмендесе, гаджетке қолжетімділік шектелгенде ашуланса, ұйқысы бұзылса — бұл қауіпті сигналдар, — дейді ол.
Қорытындылай келе, психолог балалармен сенімді қарым-қатынас орнатуға, олармен сөйлесуге және олардың өміріне қызығушылық танытуға кеңес берді.
— Көбінесе мұндай өзгерістің артында қандай да бір қажеттілік жатуы мүмкін: жалғыздық, уайымшылдық, мектептегі немесе отбасындағы мәселелер. Баланың экраннан тыс өмірге деген шынайы қызығушылығын ояту үшін спорт, шығармашылық, шынайы қарым-қатынас сияқты баламалар ұсыну маңызды, — деп түйіндеді Фурсова.
Бұған дейін зерттеушілер мен конгресс өкілдері АҚШ-та құмар ойындарға тәуелділіктің өсуіне алаңдаулы екені хабарланды.