Қырғызстандағы діни ұйымдар саны 4363-ке жетті: жаңа заң талқыға түсті

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір Қырғызстанда 4363 діни ұйым тіркелген, олардың 3966-сы исламдық, 391-і христиандық, сондай-ақ бірнеше буддистік, иудейлік және бахаи ұйымдары бар, деп хабарлайды Кабар.

Бұл деректер АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы (USCIRF) мен ҚР Ақыйқат институтының құқық қорғаушылары арасындағы кездесуде айтылды.

ҚР Омбудсмен институтының баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия төрайымы Вики Хартцлер мен төраға орынбасары Асиф Махмуд ақыйқатчы Жамиля Жаманбаевамен кездесті. Кездесуде діни сенім бостандығын сақтау, сондай-ақ 2025 жылғы 1 ақпанда күшіне енген жаңа дін туралы заңды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Жамиля Жаманбаева Қырғызстанда сенім бостандығы, заң алдындағы теңдік және діни белгілері бойынша кемсітуге жол бермеу қағидаттары адам құқықтары саласындағы мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

— Қырғызстанда дінаралық және конфессияаралық төзімділік сақталып отыр, қандай да бір шиеленісті жағдай байқалмайды, — деді Ақыйқатчы.

Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап Институтқа діни сенімге қатысты бірнеше шағым түскен. Мысалы, тергеу изоляторындағы әйел діни рәсімдерді орындауға мүмкіндік жоқтығына шағымданған. Институт араласқаннан кейін, мекеме әкімшілігі жағдайды шешіп, кедергілер жойылған.

Тағы бір жағдай психиатриялық мекемеде жатқан науқас әйелдің намаз оқуға рұқсат ала алмауына қатысты болған. Тексеруден кейін мекеме қызметкеріне ескерту жасалды.

Вики Хартцлер жаңа қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңнан кейін кіші діни топтардың қызметі шектелуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.

— Шіркеу мүшелері аз діни ұйымдар қызметін жалғастыра алмауы ықтимал, өйткені жаңа заңға сәйкес, тіркелу үшін кемінде 500 адам қажет, — деді ол.

Сондай-ақ, Хартцлердің айтуынша, кейбір өңірде жергілікті билік кейбір діни ұйымның қайта тіркелуіне кедергі келтіреді. Ал заң бойынша олар екі жыл ішінде қайта тіркеуден өтуі тиіс.

Өз кезегінде, комиссия төрағасының орынбасары Асиф Махмуд діни білім беру мекемелерінің қызметіне назар аударды. Оның айтуынша, кейбір медреседе экстремистік идеялар таралуы мүмкін, бұл өз кезегінде ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді.

Жамиля Жаманбаева биыл интернат үлгісіндегі діни оқу орындарына мониторинг жүргізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Қырғызстанда Қамшы Көлбаевтың ағасы ұсталғанын жазғанбыз.