Ведомство мәліметінше, туристік маусым кезінде жолды уақытша пайдалану қолданыстағы автожолдарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жүргізушілерге көлік құралдарының осьтік жүктемесі 11,5 тоннадан аспауы тиіс екені ескертілді.
Жобаның маңызды нысандарының бірі — Көк-Арт асуы астынан өтетін тоннель. Ұзындығы 3890 метр болатын нысан Қырғызстандағы ең ұзын тоннель саналады. Оның ені 10-14 метр, биіктігі 8,6 метр болса, жолдың жүру бөлігі 8,5 метрді құрайды. Сондай-ақ екі жағынан жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер қарастырылған.
Тоннель теңіз деңгейінен 2521 метр биіктікте орналасқан және толық пайдалануға дайын. Қауіпсіздік мақсатында әр 300 метр сайын апаттық эвакуация шығатын жолдар салынған. Сонымен қатар негізгі тоннельмен қатар ені 4 метр болатын арнайы эвакуациялық жер асты дәлізі жүргізілген.
Көк-Арт тоннелінде қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген. Мұнда әр 50 метр сайын бейнебақылау камералары орнатылған, сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау жүйесі іске қосылған. Тоннель ішінде тұрақты желдету жүйесі мен ауа сапасын бақылайтын арнайы датчиктер жұмыс істейді. Төтенше жағдай кезінде жолаушыларды жедел эвакуациялауға арналған қауіпсіздік пункттері қарастырылған.
Жалпы ұзындығы 433 шақырымды құрайтын «Солтүстік — Оңтүстік» автожолының шамамен 200 шақырымы бұрын жол болмаған аумақтар арқылы салынған. Жоба аясында екі эстакадалық көпір мен ең ұзын тоннель тұрғызылды.
Министрлік мәліметінше, жол толық пайдалануға берілгеннен кейін Жалал-Абад пен Балықшы қалалары арасындағы жол жүру уақыты қазіргі 13 сағаттан шамамен 6 сағатқа дейін қысқарады.
Қазіргі таңда жолдың кейбір учаскелерінде көшкін мен селден қорғайтын инженерлік нысандардың құрылысы жалғасып жатыр. Осыған байланысты жол әзірге маусымдық режимде пайдаланылмақ. Жобаны толық аяқтап, пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланған.
Бұдан бұрын Қырғызстандағы Ақ-Бешім (Суяб) қалашығында будда ғибадатханасының кешені табылғанын жазған болатынбыз.