Қырғызстандағы тасқыннан кейін 29 гектар жайылым су астында қалды

Фото: Кабар

АСТАНА. KAZINFORM —  Қырғызстанның Ысық-Ата ауданында жағдай тұрақтанған, алайда қауіптің әлі де сақталуына байланысты өңірде төтенше жағдай режимі күшінде қалады, деп жазады Кабар.

Бұл туралы Ысық-Ата ауданының әкімі Эркеайым Сейтказиева айтты.

Әкімнің айтуынша, оқиға болғанға дейін бір апта бұрын Қырғыз Республикасының ТЖМ-не қарасты Төтенше жағдайларды болжау және мониторинг департаменті Тақыр-Тор көлінің тасу қаупі туралы ескерту жасаған. Осыған орай, тұрғындарды уақытша көшіру орындары дайындалып, эвакуация жоспары бекітіліп, техникалық құралдар анықталып, азаматтық қорғаныс бойынша оқу-жаттығулар өткізілген.

Тау көлінің бөгеті жарылғаннан кейін және эвакуация жүргізілген соң, бұзылған жолдар мен көпірлер қалпына келтіріліп, тұрғындар өз үйлеріне қайтарылған.

Сейтказиеваның атап өткендей, қазіргі уақытта оқиға орнында екі кезекшілік бекеті жұмысын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, көлдің жағдайын бақылау және су ағынын қадағалау мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылау бекеті су қоймасының төменгі бөлігінде орналастырылған.

— Мамандардың мәліметінше, бақылау жұмыстары тағы шамамен 20 күнге жалғасады. Төтенше жағдай режимі 28 маусымда енгізілді. Егер қауіп сейілсе, режимді тоқтату туралы шешім қабылдаймыз. Қазіргі таңда ІІМ мен ТЖМ қызметкерлері, сондай-ақ айыл өкмоту мен аудандық әкімдіктің өкілдері Жайылма мен Алмалуу ауылдарындағы кезекшілік бекеттерде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, — деді әкім.

Сондай-ақ, оның сөзінше, тасқын салдарынан 30 гектардан астам ауыл шаруашылығы учаскесі зардап шеккен.

— Қалпына келтіру жұмыстарын фермерлермен бірлесе отырып жүргізіп жатырмыз. Төтенше жағдайлар үшін резервтік қор бар, осы қордан қажетті көмек көрсетіледі. 29 гектар жайылым су астында қалып, шамамен 10 гектар арпа егістігіне залал келген, — деп қосты Сейтказиева.

ТЖМ Төтенше жағдайларды болжау және мониторинг департаментінің директоры Даурбек Сақыевтың мәліметінше, 29 маусым күні ТЖМ қызметкерлері көлді тікұшақ арқылы тағы бір рет аэровизуалды тексерістен өткізген. Соның нәтижесінде су деңгейінің біршама төмендегені анықталған. Қазіргі таңда көлдегі су көлемі шамамен 300 мың текше метр. Бұған дейін бұл көрсеткіш 500 мыңға дейін жеткен көрінеді.

— Ұлттық ғылым академиясының мамандарымен бірлесіп тексеру жүргіздік. Қазір көлден секундына 3-тен 6 текше метрге дейін су ағып жатыр. Қауіп әлі де сақталып тұр, көл әлі де толы, қайта жарылу қаупін жоққа шығаруға болмайды. Министрдің тапсырмасымен көлге бақылау жалғасатын болады, — деді Сақыев.

Еске салайық, 2025 жылғы 27 маусымда Тақыр-Тор көлінің жарылуы салдарынан су тасқыны Алмалуу, Таулы Серафимовка және Төменгі Серафимовка ауылдарын басып өткен. Алмалуу ауылында су көпірді шайып кеткен, соның салдарынан жол жабылды.