Қырғызстанда жер сілкінді, зардап шеккендер мен қираулар жоқ

Фото: pexels.com

БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанның оңтүстігінде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 2:29-да күші 6 балдық жер сілкінісі болды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Қырғызстан Республикасы ҰҒА Сейсмология институтының мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Талас жотасында, Чакмак-Суу ауылынан солтүстік-батысқа қарай 23 шақырым, Башкы-Туш ауылынан солтүстікке қарай 25 шақырым және Талас қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 85 шақырым жерде жатыр.

Қырғызстанның елді мекендерінде жер сілкінісінің күші: Чакмак-Суу ауылында – 5,5 балл, Башқы-Теректе – 5 балл, Қара-Сай, Кек-Сай, Шекер, Қайнар, Чон-Қара-Буура, Бақай-Атада – 4,5 балл, Талас қаласында – 4 балл болды.

Қырғызстан Республикасы ТЖМ алдын ала мәліметінше, зардап шеккендер мен қираулар жоқ.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан өңірінің тұрғындары жер сілкінісін сезінгенін жазған едік.