«Қордай» автомобиль өткізу бекетінде жүргізілген фитосанитариялық бақылау барысында Қырғыз Республикасынан келген автокөлік құралдарынан қауіпті карантиндік зиянкестер анықталды.
— Салмағы 800 келі болатын жаңа піскен алхоры партиясынан Комсток сымыры анықталды. Ал жалпы салмағы 1 450 келіні құрайтын шие жемісінен азиялық жеміс шыбыны табылды, — делінген АШМ хабарламасында.
Аталған карантиндік зиянкестер ауыл шаруашылығына елеулі қауіп төндіреді. Олар таралған жағдайда жеміс дақылдарын зақымдап, еліміздің бау-бақша шаруашылықтарына айтарлықтай залал келтіруі мүмкін.
— Фитосанитариялық бақылау нәтижесінде залалданған өнімдердің барлығы қауіпті деп танылып, кері қайтарылды, — делінген хабарламада.
Құқық бұзушыларға қатысты әкімшіліктік шара қолданылып, айыппұл салынды.
Айта кетелік Петропавлда Ресейден әкелінген ағаштан қауіпті карантиндік зиянкес анықталған еді.