Қырғызстанның Бас прокуратурасы «75 хат» ісі бойынша шығарылған үкімге апелляциялық шағым түсірді

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанның Бас прокуратурасы «75 хат» ісі бойынша Бішкектің Бірінші май аудандық соты шығарған үкімге апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды 24.kg .

Фото: Кабар

Іс бойынша Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев, Жогорку Кенештің бұрынғы төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек уулу, бұрынғы Бас прокурор Құрманқұл Зұлушев, сондай-ақ саясаткерлер Бекболот Талғарбеков, Аалы Қарашев, Эрнис Ұзақбаев, Құрсан Асанов және Құрманбек Дыйқанбаев жауапкер ретінде тартылған.

Бас прокуратураның мәліметінше, апелляциялық ұсынысты мемлекеттік айыптаушылар Қырғыз Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 397-бабына сәйкес енгізген. Алайда прокуратура үкімнің нақты қай бөлігін өзгертуді сұрап отырғанын нақтыламады.

Еске салайық, шілде айының басында Бішкектің Бірінші май аудандық соты «75 хат» ісі бойынша үкім шығарған болатын. Сот Қамшыбек Ташиевті, Құбанычбек Зұлушевті, Нұрланбек Тұрғынбек уулын және үндеуге қол қойған тағы бес адамды билікті күшпен басып алуға дайындалғаны үшін кінәлі деп таныды.

Олардың әрқайсысына мүлкі тәркіленіп, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанымен, бұл жаза үш жылдық пробациялық бақылаумен алмастырылды.