Қырғызстанның Бас прокуратурасы ҰҚМК бұрынғы басшысына қатаң жаза тағайындауды сұрады

АСТАНА.KAZINFORM - Бішкек қалалық соты бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Камчыбек Ташиев пен басқа да саясаткерлерге қарсы қылмыстық іс бойынша адвокаттардың апелляциялық шағымын жабық есік артында тыңдауды бастады, деп хабарлайды агенттік тілшісі жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Фото: Pixabay.com

Камчыбек Ташиевтің адвокаты Икрамидин Айтқұловтың айтуынша, Қырғызстан Республикасының Бас прокуратурасы бірінші сатыдағы соттың үкіміне шағымданып, бұрынғы ҰҚМК басшысы Камчыбек Ташиев пен билікті күштеп басып алу және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану қылмыстық ісіндегі басқа да айыпталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрап отыр.

-Сотталушылар ақталған бапқа қатысты прокуратура шешімнің күшін жоюды және жазаның белгіленген шекте болуын сұрап отыр. Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 326-бабына, «Билікті күштеп басып алуға дайындық» бойынша, прокурор жазаны тым жеңіл деп санайды және қатаң жаза тағайындауды сұрап отыр, - деді адвокат.

Сонымен қатар, қорғаушы тарап іс бойынша барлық айыпталушының толық ақталуын талап етті.

Айта кетейік, Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы төрағасы Камчыбек Ташиев билікті күштеп басып алу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану жоспарын жүзеге асырмақшы болды деп айыпталды. Сот отырыстары жабық есік жағдайында өтті.

Сондай-ақ, арнайы қызметтің бұрынғы басшысының ағасы, бұрынғы парламент депутаты Шаирбек Ташиевтің сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікпен қамауға алынғаны хабарланған болатын.

10 ақпанда Камчыбек Ташиев вице премьер-министр және ҰҚК төрағасы қызметінен босатылды. ҰҚК басшысы ауыстырылғаннан кейін төрағаның үш орынбасары да қызметінен босатылды.

Қырғызстан президенті кадрлық шешімдерін түсіндірді. Ол сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы басшысымен арадағы келіспеушілік туралы пікір білдірді.