Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы бас бостандығынан айырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Бішкектің Первомай аудандық соты билікті күшпен басып алуға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Іске Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадыр Атамбаевты қоса алғанда, «Социал демократтар» партиясының өкілдері айыпталушы ретінде танылған. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: АКИpress.jpg

Сот отырысы жабық режимде өтті.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, Қадыр Атамбаев 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның мүлкі тәркіленіп, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеу белгіленді. 

Айыпталушылардың қатарында «Социал демократтар» партиясының жетекшісі Темирлан Сұлтанбеков те бар. Оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мүлкін тәркілеу және жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеу туралы үкім шығарылды.

Еске сала кетейік, қылмыстық іс 2025 жылдың қараша айының соңында қозғалған. Қырғыз Республикасы ІІМ-нің нұсқасы бойынша, іс бойынша айыпталғандар Жогорку Кенешке өткен мерзімінен бұрынғы сайлаудың қорытындысы шығарылғаннан кейін жаппай тәртіпсіздіктер мен наразылық акцияларын ұйымдастыруды жоспарлаған.

2025 жылғы маусымда Бішкектің Первомай аудандық соты Қырғыз Республикасының бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты 2019 жылғы тамызда Қой-Ташта болған оқиғаларға байланысты сырттай 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеп, мемлекеттік наградаларынан айыруға үкім шығарғаны хабарланған еді. 

Сонымен қатар 2025 жылғы желтоқсанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Алмазбек Атамбаевты барлық мемлекеттік наградаларынан айыру туралы жарлыққа қол қойды.