Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазанның 23-інде полиция қызметкерлері «Астана-Қорғалжын» автожолында 40 киіктің еті тиелген «Jac» көлігін тоқтатқан.
Тексеріс барысында жүргізушінің Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында орналасқан «Астана Агропродукт» ет комбинатынан екені анықталды.
- Тасымалдаушы жүкқұжаттардың түпнұсқаларын және «Охотзоопром бойынша» РМҚК мен «Астана Агропродукт» ЖШС арасында жасалған тауарды өткізу/жеткізу шартының электронды көшірмесін ұсынды. Сондай-ақ, Ақмола облысының аумағында киіктердің популяциясын реттеу туралы № 688 Үкімет қаулысы да бары анықталды, - деп түсіндірді ПД баспасөз қызметінен.
Ведомстводан атап өткендей, киіктің етін тасымалдау дерегі Целиноград аудандық полиция бөлімінің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген.
- Тексеру материалдары ҚР ӘҚБтК 406-бабына сәйкес мал өнімдерін тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында ветеринариялық инспекцияға жіберілді, - деп толықтырды ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында киіктерден 76,9 мың гектар егістікке зиян келгенін жазған едік.