Кирилл Герасименко үстел теннисінен Жапонияда өтетін турнирге қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – 7 тамызда Иокогама қаласында (Жапония) үстел теннисінен халықаралық WTT Champions Yokohama 2025 турнирі басталады.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, аталған жарыста әлемдік үстел теннисінің көшбасшылары бақ сынайды.
Жапонияда өнер көрсететін спортшылар қатарында Линь Шидун (Қытай, әлемдік рейтингіде №1), Ван Чуцин (Қытай, №2), Томоказу Харимото (Жапония, №4), Трульс Морегорд (Швеция, №6), Феликс Лебрун (Франция, №7), Лин Юн-Джун (Қытай Тайбэйі, №8), Дарко Йоргич (Словения, №9), Сян Пэн (Қытай, №10) және басқа да теннисшілер бар.
Еліміздің атынан бұл турнирге Кирилл Герасименко (әлемдік рейтингіде №53) қатысады.
Еске сала кетейік, бұған дейін теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы тартысты матчта Германияға жол бергенін жазған едік.