«Қырымның қырық батыры» эпосы ЮНЕСКО-ның Репрезентативтік тізіміне ұсынылады

Фото: dzerginsk.by

АСТАНА. KAZINFORM — «Қырымның қырық батыры» эпосы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне ұсынылады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

— Қазіргі таңда ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне (бұдан әрі — Репрезентативтік тізім) соңғы 10 жыл ішінде қазақ халқына тән 14 элемент енгізілді. Биыл «Салбурын: тазы ертіп, бүркіт салатын атбегілер фестивалі» ұлттық номинациялық құжаттамасы ЮНЕСКО-ның қарауына ұсынылып, аталған тізімге енгізу күтілуде, — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысының атап өтуінше, ЮНЕСКО-ның қолданыстағы ережелеріне сәйкес мемлекеттер өздерінің ұлттық номинацияларын Репрезентативтік тізімге екі жылда бір реттен артық ұсына алмайды.

— Ұсынылған ақпаратқа сәйкес «Қырымның қырық батыры» эпостық жырын Репрезентативтік тізімге енгізу мәселесі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес алдағы уақытта қарастырылады, — деді Премьер-Министр.

Бұған дейін «Абайдың қара сөздері» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіліміне енуі мүмкін екенін жазған едік.