Кірістер комитеті валютаға қатысты жауапкершілік туралы ескертті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шет елдік валютаны және алтын құймаларын сыртқа алып кетуге қойылған шектеуге байланысты ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті еліміздің аумағынан шығатын азаматтарға тиісті түсіндірме берді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің Мемлекеттік шекарадан өту кезінде кідірістерге жол бермеу үшін өзімен бірге (багажда) бар қолма-қол ақшаны алдын ала есептеп шығуға кеңес берілді.

Қолма-қол ақша мен шетелдік валютадағы ақша құралдары сомасының баламасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағамы бойынша 10 000 (он мың) АҚШ долларынан аспауы қажет. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын аффинирленген алтынның 5, 10, 20, 50 және 100 грамм алтын құймалары және «ALTYN BARYS» алтынынан және «KÚMIS BARYS» күмісінен жасалған инвестициялық монеталардың, сондай-ақ 100 грамнан асатын аффинирленген алтынды өзімен бірге (багажда) алып кетуге болмайды.

Тыйым салу бұзылған жағдайда, тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған жағдайда он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (45,9 мың теңге) айыппұл салынады. Сондай-ақ, соттың шешімі бойынша аталған ақша мен тауар мемлекет кірісіне тәркіленуі мүмкін.

Осыған дейін Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығымен Қазақстан Республикасынан кететін тұлғаларға шет елдік валютаны және алтын құймалар мен монеталарды алып шығуға шектеу қойылған болатын.