Қыркүйек айында еңбек нарығында сұраныс төмендеген

Фото: Фото: Pexels

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отандық еңбек нарығындағы өзгерістер туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Қыркүйек айында электронды еңбек биржасында 127 мың бос жұмыс орны және 113,8 мың түйіндеме жарияланды. Тамыз айымен салыстырғанда еңбек нарығындағы сұраныс аздап төмендеген (-1% немесе 1,7 мың бос жұмыс орны), ал ұсыныс әлі де өсіп жатыр (+8% немесе 8,8 мың түйіндеме)», - деп жазылған министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ, сұраныстың төмендеуіне қарамастан, қыркүйек айында білім беру ұйымдары басқа салалармен салыстырғанда ең көп бос жұмыс орындарын жариялаған.

Білім саласы әртүрлі деңгейлеріндегі мекемелердің бос жұмыс орындары еңбек нарығындағы жалпы сұраныстың үштен бірін (33% немесе 41,8 мың бос жұмыс орны) құраған.

Өңірлік бөліністе қыркүйек айында бос жұмыс орындарының ең көп артуы Шымкент қаласында (+32% немесе 0,8 мың), Ақмола (+22% немесе 1,2 мың) және Қызылорда (+15% немесе 0,5 мың) облыстарында байқалды.

Ал ұсынысқа келсек, еңбек нарығында орналастырылған түйіндемелер Шымкент қаласында (+60% немесе 3,4 мың), сондай-ақ Түркістан (+37% немесе 4,5 мың) және Қостанай (+35% немесе 1,1 мың) облыстарында көп байқалған.