Қыркүйекте қазақстандықтарға 254 мың бос жұмыс орны ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM- 2026 жылдың тоғыз айында жұмыс берушілер Enbek.kz электронды еңбек биржасына 1 миллионнан астам бос жұмыс орнын жариялаған. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға көп.

Фото: Астана әкімдігі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтырғы тоғыз айда платформада 978 мың бос жұмыс орны тіркелген.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында платформада ай сайын орта есеппен 120 мыңға жуық жұмысқа орналасу мүмкіндігі ұсынылған.

-Жұмыс берушілердің белсенділігі әсіресе қыркүйек айында артты. Осы айда 254 мың бос жұмыс орны жарияланып, тоғыз айдағы жалпы көрсеткіштің 23,2%-ын құрады. Қыркүйектегі көрсеткіш тамыз айымен салыстырғанда екі есеге жуық өсті. Бос жұмыс орындарының саны барлық салада артқан. Әсіресе сауда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларында өсім байқалды,-делінген хабарламада.

2026 жылдың тоғыз айында жарияланған бос жұмыс орындарының 26,3%-ы білім беру саласына тиесілі болды. Одан кейін басқа қызмет түрлері – 13%, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 8,5%, өңдеу өнеркәсібі – 7,2% және мемлекеттік басқару – 6,8% көрсеткішпен тұр.

Өңірлер бойынша бос жұмыс орындарының ең көп үлесі Астана қаласында тіркелді – 8,7%. Алматы қаласының үлесі – 8,4%, Қарағанды облысында – 6,8%, Түркістан облысында – 6,7%, ал Павлодар облысында 6,3% болды.

Қай мамандық иесі қанша жалақы алатыны туралы мына материалдан оқыңыздар.