Қиса Қабиұлы енді қазақ намысын қорғамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың нар тұлғалы азаматтары аз емес. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде талай қандастарымыз биік белестерді бағындырып жүр. Солардың бірі - еркін күрес түрінен аса ауыр салмақта өнер көрсетіп жүрген Қиса Қабиұлы.

Осыдан бір жарым жыл бұрын ақпарат құралдары ол туралы жарыса жазған болатын. Алғаш өмір есігін ашқанда 6 жарым келі болып туған жігіттің еркін күрес түрінен біраз биіктерді бағындырғанын, ата-жұртына қоныс тепкенін естіп, қуанғанымыз шындық. Алайда, соңғы кездері Қиса бауырымыздың не істеп жүргені, қандай жарыстарға қатысқаны, қай облыста, қандай құрамда өнер көрсетіп жүргені туралы ешкім ешқандай тіс жармай кетті. Қытайдың республикалық біріншігінің қола жүлдегері, бүкіл Қытай кубогы үшiн өткен балуандар бәсекесінің 5-орын иегері, сондай-ақ, Тианжин қаласында өткен республикалық турнирдің қола медалын жеңіп алған еркін күрестен спорт шебері Қиса Қабиұлымен арнайы телефон арқылы қайда, не істеп жүргені туралы өз ауызынан әңгімесін тыңдаған едік.

- Қиса Қабиұлы, бір жылдай уақыт болды, сіз жарыстардан көрінбей кеттіңіз ғой?

- Негізі, ертеректе жарыста аяғымнан үлкен жарақат алған болатынмын. Сол жарақаттан әлі күнге толық айыға алмадым. Қазір ем қабылдай жүріп, жаттығуымды ойдағыдай өткізіп жатырмын.

- Соңғы рет қашан, қандай жарыстарға қатыстыңыз?

- Мен қазір еркін күресті тастап, қазақ күресіне ауысып кеттім. Сонымен қатар, дзюдо күресімен де айналыса бастадым.

- Қазақ күресіне ауысқаныңызға қанша уақыт болды?

- Жылға жақындап қалды. Биыл қазақ күресінен Алматы облысында облыс біріншілігін жеңіп алдым.

- Қазақ күресін таңдауыңызға не себеп болды?

- Жалпы күрес өнері қазақтың қанында бар спорт түрі. Қазір Алматы облысының атынан өнер көрсетуге дайындалудамын. Қазақ күресі қазақтың төл спорты емес пе? Онымен күресте жүрген кез келген қазақ баласы күресіп кете алады деген ойдамын. Еркін күреспен біраз жыл тер төгіп айналыстым. Одан жаман болған жоқпын. Өз игілігіме жарайтын көптеген тәжірибелер жинадым. Ал, қазақ күресімен осы ата-жұртқа келгеннен кейін аздап айналысып көріп едім, оң жамбасыма келетін күрес екеніне көз жеткізіп, ақыры, таңдауыма тура келді.

- Еркін күресте қандай ірі жарыстарға қатыстыңыз? Қандай биіктерді бағындырдыңыз?

- Көптеген жарыстарға қатыстым. Қытайдың өз ішінде өтетін жарыстардың барлығынан тыс қалғамын жоқ. Солардың ішіндегі негізгі дегендеріне тоқталып өтейін; Қытайда төрт жылда бір келетін жазғы спартакиада ойындары бар. Бұл бәсекенің қытайлар үшін маңызы зор. Менің де ең алғашқы ірі додаға қатысуым - осы спартакиадан басталды. Бұл 2005 жылы болған еді. Алғаш осы бәсекеге іріктеу сындарында Ланжудегi 110-130 келi тартатын балуандардың барлығын ұршықша иіріп, жолдамаға ие болдым. Осылайша, 2005 жылы Қытай спартакиадасына 96 келi салмақта өнер көрсеттім. Ол кезде 17 жаста ғана болатынмын. Онда үздіктер қатарынан көріне алмасамда талай мықты қытайлардың жолын бөгедім. 2009 жылы қытайда республикалық біріншіктің қола жүлдегері атандым. Тура осы жылы Қытай кубогы үшiн өткен балуандар бәсекесінде 5-орыннан көріндім. Іле-шала Бейжiңнiң әскери командасымен бiрге дайындалып, Тианжин қаласында өткен республикалық турнирінде тағы қола медаль еншіледім. Осы жылы Алматыда бір халықаралық турнир өтті. Осы бәсекеге Қытай атынан келіп қатысып, белдесіп жүргенде абайсызда аяғымды қайырып алып, сіңірімді созып алдым. Сол жарақат әлі күнге толық айықпай келеді. Алайда, жаттыға жүріп, Тайландта өткен Азия чемпионатына қатысып, алғашқы бестіктің қатарына ендім. Қытайдағы ірі жарыстарым осылар.

- Елге келгеннен кейін қандай ірі жарыстарға қатыстыңыз?

- Елге келгеніме екі жылдан асты. 2012 жылдың ақпан айының соңында атажұрттың топырағына аяқ бастым. Атамекенiме келгелi 7-8 рет халықаралық турнирге қатысып үлгердім. Соның ішінде Қырғызстанда бір рет, Алматыда бір рет қола медальді еншілесем, Талдықорған қаласында өткен халықаралық турнирде чемпион атандым. Өткен жылы ел біріншілігінде 3-орынды иелендім. Алайда, ұлттық құрамаға іліге алмай қалдым.

- Қазір нақты қай салмақта өнер көрсетіп жүрсіз?

- Бүгінгі салмағым - 150 келі.

- Бойыңыз қанша?

- 190 сантиметр.

- Қазақстанға өз еркіңізбен келдіңіз бе, әлде біреулер шақырды ма?

- Елге қоныс аударуыма бірден бір себеп болған боксшы Қанат Ислам. Ол: «Қиса бауырым, Қытайды қайтесің?! Өз елің бар емес пе?! Мен атажұртыма кешігіп жеттім. Сен қазір келсең дәл уақыты, әлі жассың. Алар асуың алда, сол биіктерді Қазақтың көк туын жамылып бағындырып жатсаң, еліміз үшін одан артық бақыт жоқ. Ең дұрысы есің барда еліңе жетіп ал», - деген ыстық ықыласы. 2009 жылы Тайландта өткен Азия чемпионатында Мәлік Нәдірбеков ағамызбен таныстым. Мәлік ағамыз да сол кезде көкейіме көптеген ойлар салып кетіп еді. «Елге кел, өзіміз тарбиелейміз, жағдайыңды жасаймыз», - деген болатын. Міне, ақыры келдім. Қазір барлығы ойлағанымдай болды деуге болады. Қытайдан келгенде алдымнан Қанат Ислам шығып күтіп алды. Кейін Бауыржан Оспанов деген ағамызбен танысып, ол кісі спортағы жолымды ары қарай жалғастыруыма күні бүгінге дейін көмектесіп келеді. Ел деп келгенде алдымнан осындай ағаларым шығып, қолұшын беріп жатқандарына алғыс айтамын.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Бейсен Сұлтанұлы