Сотқа «Aqiqat» корпоративтік заңгерлер коалициясы талап-арыз жазған болатын. Жауапкерлер ретінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің аппараты мен «Астана - Технополис» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы шақырылған. 27 қаңтарда сот Кіші Талдыкөл туралы сот ісін қайта қозғаған еді.
Еске сала кетсек, «Aqiqat» корпоративтік заңгерлер коалициясы елорда әкімдігінің Кіші Талдыкөл маңында су қорғау аймағы мен белдеуін орнату бойынша шара қабылдамауына байланысты сотқа жүгінген болатын. Соның салдарынан SAT-NS ЖШС және онымен байланысты құрылыс компаниялары Кіші Талдыкөл көлдері тобы орналасқан аумақта құрылыс жүргізу туралы «Астана-Технополис» АЭА-мен шарт жасасу мүмкіндігіне ие болған.
Сот отырысында судья Жанар Дүйсенова барлық тарапқа 15 ақпанға дейін бірқатар қосымша мәліметтер беруді тапсырды.
«Сот ісін тыңдауды 17 ақпанға, сағат 11:30-ға қалдырамыз», - деді судья Ж. Дүйсенова.
Алдыңғы отырыста судья «Астана-Технополис» АЭА Басқарушы компаниясы мен SAT-NS ЖШС арасында жасалған барлық 16 қосалқы жалдау шарттарын, жер учаскелерін сегменттеу туралы, осы учаскелерді игеру кезеңдері туралы мәліметтерді сұраған еді.
Енді судья ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің өкілі Марат Иманалиевке су қорғау аймағы мен су қорғау белдеулерін белгілеу қажеттігі мен тәртібіне қатысты жазбаша қорытынды беруді тапсырды.