Кішкентай қызды педофилден құтқарған жігіт көшбасшы атанды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Талдықорғандағы «Жастар» Спорт сарайында Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы - 2017» жастар сыйлығы салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл мəртебелі атақ жыл бойы жастар саясатын белсенді түрде жүргізіп, белгілі жетістіктерге жете білген, түрлі салада өзге жастарға үлгі боларлық нəтижелер көрсеткен 29 жасқа дейінгі облыс жастарына беріледі. Биыл 17 аталым бойынша үздіктер анықталды. «Жас батыр» номинациясы Еңбекшіқазақ ауданындағы Д. Қонаев атындағы орта мектеп түлегі Тимурбек Жамоладдиновке бұйырды.

Естеріңізге сала кетейік, 14 сәуір күні кешкісін Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Түрген ауылында жантүршігерлік жағдай орын ала жаздаған болатын. Абырой болғанда, 11-сынып оқушысы Тимурбек Жамоладдинов 8 жасар қызды зорлықтан құтқарып қалған еді.

Сондай-ақ, өз саласының көшін бастап, көшбасшы атанғандар қатарында Жетісу телеарнасының тележүргізушісі Алмат Хамитов та бар. Ол «Үздік жас журналист» номинациясын иеленді. Ал «Үздік жас кәсіпкер» - Мансұр Құрманғалиев, «Үздік жас ауыл шаруашылығының маманы» - «Мадияр» шаруа қожалығының жетекшісі Мадияр Әуелбаев, «Үздік жас ғалым» - С.Демирел атындағы университеттің аға оқытушысы Ермек Тоқтаров, «Үздік жас ұстаз» - Үшарал қазақ гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ержан Омарханов атанды.

Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен 250 мың теңгенің ақшалай сертификаттары табысталды. Шара соңы еліміздің жас эстрада жұлдыздарының орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты.