ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 17 наурыздағы үкімімен В.Крючков ҚР ҚК 99-бабы 1-бөліміне сәйкес айыпты деп танылып, он жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі түзету колониясында өтеуге сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2016 жылғы 8 желтоқсан күні Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында «Южный» гараж кооперативінің күзетші бөлмесінде арақ ішу кезінде В.Крючков пен Л.Резник сөзге келіп, соңы төбелеске ұласқан. Төбелес барысында Л.Резник В.Крючковты жығып салып, қолымен ұруды жалғастырған. Сол мезгілде В.Крючков ағаш кесіндісін алып, Л.Резниктің басынан ұрған кезде ол есінен айырылып, еденге құлаған. Содан кейін В.Крючков жәбірленушіні қолдан жасалған шанаға салып, бос алаңқайға апарып, кеуде тұсынан үш мәрте пышақ сұққан. Оның өлгеніне көзі жеткеннен кейін қармен жауып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).