Кісі өлтірген ер адам 7 ай өткен соң полицияға келіп, кінәсін мойындады - ШҚО

None
ӨСКЕМЕН. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Зырян қаласының полициясына 44 жастағы жергілікті тұрғын келіп, 7 ай бұрын үйіне келген қонақты өлтіріп, оның денесін бақшаға көміп тастағанын айтты.

Қылмысын мойындаған 3-ші топтағы мүгедектің сөзіне қарағанда, 2012 жылғы тамыз айында оған шамамен 30 жастағы бейтаныс ер адам жолыққан. Бір бөтелке арақ ала келген ол бірлесіп ішуді ұсынған. Үйге келіп, спирттік ішімдікті ішкен ер адамдардың арасында келіспеушілік орын алады. Араққа сылқия тойған үй иесі оның мойын тұсына балдақпен бірнеше рет соққылап, пеш жанында жатқан кірпішпен арқасынан ұрған.

Мүгедектің айтуынша, бұдан кейін де екеуінің арасында «қызу» отырыс әрі қарай жалғасқан. Шамамен түнгі сағат 2.00-де ұйқыға кеткен үй иесі оянып, жәбірленушінің қимылсыз, тыныс алмай жатқанын көрген. Артынша марқұмды бақшаға көміп тастаған. Ер адам полицияға бұл оқиғаның маза таптырмай жанын қинағандығынан келгенін жеткізді.

Ер адам көрсеткен бақшада белгісіз ер адамның мәйіті анықталды. ҚР ҚК-нің 96 бабы, 1 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру амалдары жүргізілуде. Полиция марқұмның жеке тұлғасын және өлімінің себептерін анықтау үстінде.