ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық сот үкімімен оралдық 52 жасар тұрғын Сергей Заика 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі түзету колониясында өтеуге сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Сот талқысында белгілі болғанындай, С.Заика өз пәтерінде 12 ақпанға қараған түні таныстары, 35 жасар Атауовпен және Погодаевпен арақ ішкен. Үй иесі Атауовқа ұялы телефонын білдірмей алып кетіп, бірнеше рет еске салғаннан кейін ғана қайтарып бергенін айтып, оны «егеуқұйрық» деп атаған. Бұған шыдамаған Атауов Заиканың бетінен ұрған. Сол кезде үй иесі пышақты алып, қарсыласының тамақ тұсынан жұмсаған. Марқұм сол жерде жан тапсырған. Міне, арақ ішудің соңы осылайша қайғылы аяқталды.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Сот сонымен қатар Атауовтың туысқандарының пайдасына 1 млн. теңге моральдық залалды өтеді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).