Кісі тонау мақсатында адам өлтірген қылмыстың беті ашылды

None
АЛМАТЫ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Омаров көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйдің қожайыны мен оның досы қылмыскерлердің құрбанына айналды. Қылмыстық істегі мәліметтерден белгілі болғандай, ішімдікке әуес, маскүнемдер жиналатын Алексейдің үйіне түнгі он бірлер шамасында екі ер азамат келген. Бейтаныс екеу алдымен үй ішінің астан-кестеңін шығарып, одан кейін үй иесі мен оның қонағынан бағалы заттар мен ақша талап етіп, ауыр соққыға жыққан, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.

«Қатты ұрып-соққаннан кейін қаскөйлер пышақ шығарып, өлтірем деп қорқытқан. Алайда бұл кезде пәтер иесі жантәсілім еткен еді. Осыны байқаған қылмыскерлер куәгерден де арылмақ болып, екінші адамның ішіне пышақ сұғып алған. Дегенмен де уақиға орнына тез арада келіп жеткен жедел жәрдем қызметкерлері 44-жасар В. есімді азаматтың өмірін сақтап қалды. Өзіне келіп есін жиғаннан кейін ол оқиғаның мән-жайын және қылмыскерлер жайында нақты мәліметтер берді»,- деп атап көрсетті Жетісу аудандық ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Қанат Таймерденов.

Жәбірленуші мен қаза болған адамдардың өмір сүрген ортасы мен айналасындағы адамдарды тергеу барысында, олардың бұрын бірнеше рет сотталған таныстары бар екендігі анықталды. Алексейдің үйінде бағалы заттар болмаса да бұл кісі өлімі тонау мақсатында жасалғандығын да жоққа шығаруға болмас.

«Жалғыз куәгердің берген мәліметтері тергеу амалдарының жалғасуына көп септігін тигізді. Жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде біз Шығыс-Қазақстан облысының екі тұрғынының ізіне түстік, оның біреусі бұрын кісі бопсалағаны және қылмысын жасырғаны үшін 6,5 жыл жазасын өтеп келген әккі қылмыскер болып шықты. Құрықталғандардың екеуі де Алматы қаласының Жұмабаев көшесінде пәтер жалдап тұрып келген. Қазіргі таңда біз ШҚО-тық әріптестерімізбен байланысып, ұсталғандардың өз елінде жасаған қылмыстары туралы да мәліметтерді берулерін сұрап отырмыз»,- деп мәлімдеді Қанат Таймерденов.

Сонымен қатар шығыстан келген қонақтар Орталық киім базарында біраз уақыт жүк тасушы болып жұмыс істегендері белгілі болды. Мұндай азын-аулақ табысқа қанағаттанбаған олар қылмыстық жолмен мол ақшаға кенелмек болады. Тергеушілердің айтуына қарағанда олар Алматы қаласында бұдан да ауыр қылмыстарды жасауы мүмкін деген болжам айтуда.