Кісіні сыйлауды, адалдықты ата-әжемнен үйрендім – Қарттар күніне орай сауалнама
- Бүгін қандай мереке?
- Ата-әжеңіз бар ма?
- Ата-әжеңізбен байланысты өмірлік мәні бар немесе қызықты естелікті бөліссеңіз?
- Ата-әжеңіз айтқан тәрбиелік мәні бар қандай ақыл-кеңес немесе қанатты сөз есіңізде?
«Бүгін ата-әжелер мейрамы. Менің ата-әжем бар. Әжем өте ақкөңіл, жайдары жан. Сондай-ақ, әжем күнде мені мектепке алып барып, алып келеді. Әжем маған мейірімді, кеңпейіл бол деп үнемі айтып жүреді. Әжемнің аты Мырзагүл және мен әжемді жақсы көремін. Ата-әжемді мерекесімен құттықтап, сәлем жолдаймын», - дейді 9 жасар Елнара.
«Қарттар – асыл қазынамыз деп бекер айтылмаған. Ол кісілердің орны бөлек және бар құрметке лайық. Ата-ана, ағайын-туыс, жақын адамдардың қадірін ата-әжемізден үйрендік. Мен атамды өнеге тұтамын. Ол кісінің өмірлік жолы - мен үшін үлгі. Атам өмірінің соңына дейін өзін жетілдіріп, дамытумен айналысты. Қарт болса да үнемі оқып, жаңа дүниені үйреніп жүретін. Сондықтан да атамды үлгі тұтамын. Атам мені «ешкімнің ала жібін аттама» деп өсірген. Бұл сөз өмір бойы есімде сақталады», - дейді елордаға қонақ болып келген Нұрмұхамед.
«Менің ата-әжем ауылда тұрады. Каникул кезінде бірден ата-әжемізге баратынбыз. Кішкентай кезімізде атам бізді ертіп алып орманға барып отын жинайтынбыз. Әлі есімде. Қазір атам жоқ, әжем бар. Әжем Астанада тұрады, мен Өскеменде тұрамын. Мерекесі және туған күні қарсаңында әжемді құттықтауға арнайы келдім. Ертең әжемнің туған күні. Сондай-ақ, әжем маған ас пісіру, үй тіршілігін жасауды үйретті», - дейді Сәния.
«Әжем айтатын үлгі, өнеге, тәрбиелік мән бар сөздері үнемі есімде. Әжем «өмірде қанша биікке көтерілсең де, адамгершілігіңді жоғалтпа» дейтін. Сол сияқты адамдармен үнемі жақсы қарым-қатынаста бол деп кеңес беретін. Одан бөлек, тағы бір өнегелік сөзі - «Адамдардың тек жақсы жағын айт, жаман жағын білсең үндеме». Әжем беріп жатқан тәрбиенің орны бөлек, Шүкір, әжемнің көзі тірі. Әжемді және барша қарттарды мерекесімен құттықтаймын!», - дейді астана тұрғыны Сапарбек.
«Бала күнімде ата-әжемнің үйіне жиі баратынмын. Атам күнде маған шоколад әкеліп беретін. Әрине, ата-әжем туралы менде тек қана жылы естеліктер бар. Ата-әжем бар, бірақ бірге тұрмаймыз. Жиі хабарласып, барып тұруға тырысамын. Мен негізі атама жақын болдым. Атамның баласы болдым. Атам үнемі ақыл-кеңесін беретін. Соның ішінде есімде қалғаны «артыңа қарама» дейтін. Сол сияқты талпынудан, үйренуден шаршама деп ақыл беретін», - деді Нәзира.