Қысқы Азия ойындары: 6 спортшымыз шорт-тректен келесі кезеңге өтті
ХАРБИН.KAZINFORM – Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарының шорт-тректен ерлер және әйелдер арасында 500 метрге сырғанаудан іріктеу жарысы өз мәресіне жетті.
Әйелдер арасында сынға түскен қыздар Зейнеп Құмарқан (45.420 секунд), Яна Хан (43.929 секунд) және Малика Ермек (44.286 секунд) келесі кезеңге сүрінбей өтті.
Ал ерлер арасында Мерсаид Жақсыбаев (41.871 секунд), Абзал Әжіғалиев (42.026 секунд) және Денис Никиша (42.702 секунд) ширек финалда өнер көрсететін болады.
Сондай-ақ, Қазақстандық шорт-трекшілер бүгін ерлер мен әйелдер арасындағы 1000 метр және 2000 метр аралас командалық эстафетада өнер көрсетеді.
Осыған дейін қазақстандық спортшылар 1500 метрге сырғанау бойынша сынға түсіп, 3 әйел және 3 ер спортшымыз жартылай финалға жолдама алған болатын.
Еске салайық, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді.
Спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.