Қысқы Азия ойындары: 85 спортшы мен 32 жаттықтырушыға қаржылай сыйақы берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында үздік нәтиже көрсеткен отандық спортшыларды қолдау мақсатында Үкімет қаулысымен 372,6 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі.
— Қаржылай сыйақы Мемлекет басшысының халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды ынталандыру туралы тапсырмасына сәйкес берілді. Оған Азия ойындарында үздік нәтиже көрсеткен 85 спортшы мен 32 жаттықтырушыға ие болды. Қытайдағы ақ Азиадада жерлестеріміз 4 алтын, 9 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 34 елдің ішінде 4-орынға тұрақтаған еді. Ел қоржынына алтын жүлделерді биатлоннан жекелей сында өнер көрсеткен Владислав Киреев, фристайл-акробатикадағы синхронды секіру жұбы, шорт-трек спортынан 5000 метрлік эстафета командасы және шайбалы хоккейден ерлер құрамасы салды, — делінген хабарламада.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау — Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан спортты дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Кейінгі 6 жылда елімізде 314 дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен 58 жүзу бассейні салынды. Нәтижесінде дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесі 31,5 пайыздан (5,9 млн адам) 41,4 пайызға (8,4 млн адам) дейін артты. Спорт инфрақұрылымын дамыту — ұлт денсаулығын нығайтуға, сырқаттың алдын алуға, әлеуметтік осал топтардың үлесін азайтуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды инвестиция.
Сонымен қатар елімізде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2021 жылы Президент тапсырмасына сәйкес спорт үйірмелерін жан басына қаржыландыру тетігі енгізілді. Қазіргі таңда ел бойынша 4 пен 17 жас аралығындағы 250 мыңнан астам бала 7 мыңнан аса спорт үйірмесінде тұрақты түрде жаттығады. Кейінгі бес жылда еліміздегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 481-ден 521-ге, ал спорттық даярлықпен қамтылған балалар саны 357 мыңнан 406 мыңға өсті.
Ведомство атап өткендей, осындай кешенді әрі жүйелі жұмыс мемлекеттің спорт арқылы дені сау, белсенді әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға бағытталған стратегиялық ұстанымын айқын көрсетеді. Спорт — әр азаматтың өмірінде маңызды орын алуға тиіс.
Осыған дейін Олимпиада мен Паралимпиада жүлдегерлері мемлекеттен қанша сыйақы алғаны белгілі болды.