Күн суыта бастаған кезде жүргізушілерге көліктерін қысқы маусымға алдын ала дайындау ұсынылады. Қысқы шиналарға қашан ауысу қажет және талаптарды бұзғаны үшін қандай айыппұл қарастырылған.
Қостанай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекция тобының инспекторы Динара Нұрғалиеваның айтуынша, Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сәйкес, 1 желтоқсаннан ақпан айының соңына дейін жеңіл автокөліктердің қысқы дөңгелексіз жүруіне тыйым салынады.
— Қысқы дөңгелек көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуы тиіс. Техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін автокөлікті басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Егер құқық бұзу бір жыл ішінде қайталанса, жаза қатаңдатылады, — деді Динара Нұрғалиева.
2026 жылы белгіленген мерзімде қысқы шиналарды пайдаланбағаны үшін айыппұл 5 айлық есептік көрсеткішті (АЕК), яғни 21 625 теңге. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзу қайталанса, айыппұл 20 АЕК-ке немесе 86 500 теңгеге дейін өседі.
Полиция жүргізушілерге алғашқы аяз бен көктайғақты күтпей, көліктерін қысқы маусымға алдын ала дайындауға кеңес береді.
— Жүргізушілерді алғашқы қар мен көктайғақты күтпей, шиналарды уақытылы ауыстыруға, жылдамдық режимін сақтауға және қауіпсіз арақашықтық ұстауға шақырамыз. Жолдағы қауіпсіздік қозғалысқа қатысушылардың әрқайсысының жауапкершілігіне байланысты, — деп атап өтті инспектор.
Еске салайық, 17–19 қазан аралығында Қазақстанда жаңбыр мен қар жауып, ауа температурасы күрт құбылады деп күтілуде.