Қысқы ойын-сауық: Қарағандыдағы демалыс орындарына шолу
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қысқы каникулды қала шегінен шықпай-ақ қызықты өткізуге болады. Қарағандыда тұрғындар мен қала қонақтары үшін қысқы демалысқа арналған тегін алаңдар барлық аудандарда жұмыс істеп тұр.
Биылғы қыс маусымында Қарағандыда ашық аспан астындағы барлық 5 тегін мұз айдыны толыққанды жұмыс істеп тұр. Мұз алаңдары қаланың әр ауданында орналасқан және қысқы демалыс кезеңінде ең көп баратын қоғамдық демалыс орындарының бірі саналады.
Тұрғындар өз конькиімен Сарыарқа көшесіндегі «Алаш» гүлзарында, Майқұдықтағы Қазақстанның 50 жылдығы саябағында, Пришахтинск ауданындағы Қазақстанның 40 жылдығы саябағында, сондай-ақ Сұрыптауда теміржолшылар мәдениет үйінің жанындағы саябақта тегін сырғанай алады.
Мұз айдындары күн сайын сағат 12:00-ден 23:00-ге дейін ашық. Алайда жұмыс уақыты ауа райы жағдайына байланысты уақытша өзгеруі мүмкін.
Қарағанды қаласының саябақтар мен скверлер басқармасының мәліметінше, ауа температурасы нөлден жоғары көтерілген кезде мұз айдындарының жұмысы уақытша тоқтатылады. Температура қайтадан қажетті деңгейге түскен соң, мамандар мұз жамылғысын тегістеп, алаңдарды қайта іске қосады. Жұмыс режиміне қатысты өзекті ақпарат саябақтардың Instagram парақшаларында жарияланады.
Өз конькиі жоқ келушілер үшін жалға беру қызметі қарастырылған. Конькиді жалға алу құны — 1000 теңге. Мұз айдындарына кіреберісте екі тілде қауіпсіздік ережелері орналастырылған: мұзға тек конькимен шығуға рұқсат етіледі, конькисіз жүруге, сондай-ақ тамақ пен сусын алып кіруге тыйым салынады. Балалар ересектердің бақылауымен сырғанағаны жөн.
Мұз айдындарынан бөлек, қалада тюбингпен сырғанауға арналған мұз төбешіктер де жабдықталған. Өз тюбингі бар азаматтар оларды тегін пайдалана алады. Сонымен қатар жалға беру қызметі де бар — бағасы төбешік орнына байланысты сағатына 3 мыңнан 7 мың теңгеге дейін өзгереді.
Қаланың ең ірі мұз төбешігі ҚарУ маңында орналасқан. Бұл орын дәстүрлі түрде қала тұрғындары мен қонақтары арасында сұранысқа ие. Мұнда көбіне балаларымен келген отбасылар мен жастар жиналып, қысқы демалыстың қолжетімді әрі белсенді түрін таңдайды.
Осылайша, Қарағандыда қысқы каникулды мазмұнды әрі әртүрлі форматта өткізуге мүмкіндік мол. Мұз айдындары мен мұз төбешіктері қаланың барлық дерлік аудандарында орналасқан және барлық ниет білдірушілер үшін қолжетімді.
Айта кетейік, бұған дейін ауа райының жылынуына байланысты Астанадағы Есіл жағалауында орналасқан мұз айдыны мен мұз төбешіктерінің жұмысы уақытша тоқтатылғаны хабарланған болатын.