Қысқы Паралимпиада: Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде нешінші орын алды

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы қысқы Паралимпиадада Қазақстан құрамасының қорытынды медальдар кестесінде қай орынға жайғасқаны белгілі болды.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Дүбірлі додада отандасымыз Ербол Хамитов бір алтын және бір қола медаль алды. Ол 13 наурызда пара биатлоннан 4,5 шақырымдық із кесу жарысында (отырып жарысу санаты) жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Оған дейін 10 наурызда пара шаңғы жарысынан 1 500 метрге классикалық спринт жарысында қола медаль жеңіп алған еді. 

Қысқы Паралимпиадада 44 медальмен Қытай (15 алтын, 13 күміс, 16 қола) жеңімпаз атанса, одан кейінгі орындағы АҚШ (13-5-6) пен Ресей 12 (8-1-3) медаль олжалады. Ал, Қазақстан 1 алтын, 1 қола жүлдемен 18-орынға жайғасты.

 Дүбірлі додада барлығы 27 елдің спортшылары медальға қол жеткізді.

Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон спорт түрлері бойынша ел намысын қорғады. Биылғы дүбірлі додада Қазақстан құрамасы пара шаңғы және пара биатлон спорт түрлері бойынша сынға түсті. 

Халықаралық аренада Қазақстан атынан 7 спортшы бақ сынады. Олардың қатарында Ербол Хамитов, Нұрлан Әлімов, Александр Герлиц, Юрий Березин, Владислав Кобаль, Сергей Усольцев және Анна Грачева бар.