Қысқы Паралимпиада жүлдегерлеріне қанша сыйақы төленгені белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қысқы Паралимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына 388 миллион теңгеден астам сыйақы төленді, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР туризм және спорт министрлігі

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XIV қысқы Паралимпия ойындарының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне және үздік алтылыққа енген спортшыларға ақшалай сыйақы беру туралы қаулы қабылдады.

— Сыйақы Ербол Хамитов (пара биатлон, пара шаңғы жарысы және пара шаңғы эстафетасы), Александр Герлиц (пара шаңғы жарысы және пара шаңғы эстафетасы) және Владислав Кобальға (пара шаңғы эстафетасы), сондай-ақ спортшылардың алғашқы, жеке және бас жаттықтырушыларына да төленді, — делінген министрлік таратқан ресми ақпаратта.

Бұдан бөлек, Паралимпиада чемпионына жергілікті атқарушы орган тарапынан қосымша қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әкімдік спортшыға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер береді.

Осыған дейін Қысқы Олимпиада және Паралимпиадада үздік ондыққа енген спортшылар марапатталғанын жазғанбыз.