Қысқы сапар: жүк көлігінің жүргізушілері нені білуі керек

АСТАНА. KAZINFORM - Қыста жол қауіпсіздігі сапарға шықпай тұрып басталады. Қар, көктайғақ пен аяз жүргізушіден мұқият дайындық пен ерекше жауапкершілікті талап етеді, деп хабарлайды Қазавтожол.

Фото: Айбек Құттыбек/Kazinform

Алыс жолға шығар алдында:

Көліктің техникалық жағдайын тексеріңіз. Дөңгелектердің тозуына, шиналардағы ауа қысымына, тежегіш жүйесінің, аккумулятор мен жарық шамдарының жарамдылығына назар аударыңыз.

Техникалық сұйықтықтарды тексеріңіз. Әйнек жуғыштың багына аязға төзімді сұйықтық құйыңыз.

Сырғанауға қарсы шынжырларды дайындаңыз. Олар қарлы және мұзды жолда дөңгелектің жолмен ілінісуін жақсартады. Шынжырларды өндірушінің нұсқаулығына сай пайдаланыңыз.

Сапарыңызды алдын ала жоспарлаңыз. Ауа райы болжамын, жолдағы шектеулерді және жол бойындағы қызмет көрсету орындарын ескеріңіз.

Еңбек және демалыс тәртібін сақтаңыз. Шаршаған күйде көлік жүргізбеңіз.

Қарлы және көктайғақ жолда жылдамдықты азайтып, алдыңғы көлікпен арақашықтықты ұлғайтыңыз. Күрт тежелуден және оқыс бұрылудан сақ болыңыз.

Республикалық автожолдардың жай-күйі туралы өзекті ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығынан алуға болады.

-Жүргізушінің жауапкершілігі – жолдағы барша адамның қауіпсіздігі. Өзіңізді де, өзгелерді де сақтаңыз!-делінген хабарламада.

Осыған дейін Қазавтожол қысқы маусымға 96 пайыз дайын екенін мәлімдеген болатын.